Baikonyr SFF-2018: Алматыда кинофестивальдің ашылуы болды
Baikonyr SFF-2018: Алматыда кинофестивальдің ашылуы болды
Алматыда Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында үшінші Baikonyr Short Film Festival қысқа метрлі кинофестивалінің ашылу салтанаты болып өтті. Шараға кинорежиссер Рашид Нұғыманов, продюсер Нұртас Адамбай, актрисалар Аружан Жазылбекова, Динара Бақтыбаева, Бибігүл Ақтан (Сүйіншалина), актерлар Дастен Шәкіров, Олжас Тоғымбет және басқа да отандық кино өкілдері келді.
Кинофестивальдің бас демеушісі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, бас серіктестер – Kinopark Theatres және Kinoplexx Cinemas. Көрсетілім ұйымдастырушысы - «Бродвей» кинопорталы.
Baikonyr SFF Жаннат Алшанованың «Маусым соңы» фильмімен ашылды. Картина 71-ші Канн кинофестивалінің Cinefondation қысқа метрлі таспалар бағдарламасына қатысқан.
Ашылу барысында Дәрежан Өмірбаевтің «Шілде» фильмінің 30 жылдығына орай арнайы көрсетілім өтті.
«Көпшілігі қысқаметражды фильмдерді дұрыс қабылдамайды. Негізі, қысқаметражды киноның форматы – өнер жасауға, бір дүниені шынайы жасауға бағыттылған әрекет, форматы жағынан ол айналымға шыға алмайды немесе коммерциялық бола алмайды. Тарковский айтқандай, кез-келген режиссер алғашқы кадрлардан-ақ білінеді. Егер режиссердің жеке қолтаңбасы мен кино тілі болса, ол бірінші минуттан-ақ көрінеді. Әрі қарай фильмдерінің мазмұнын ғана өзгерте отырып, осының барлығын өмір бойы қолдана береді. Сондықтан, қысқаметражды картиналарды көріңіздер, түсіріңіздер. Олар киномәдениеттің бастамасы болып келеді», - деп бөлісті пікірімен режиссер әрі кинотанушы Дәрежан Өмірбаев.
Baikonyr SFF байқау бағдарламасына қазақстандық режиссерлар түсірген 47 ойын, деректі және анимациялық фильмдер қатысуда. Жұмыстарды FIPRESCI пен NETPAC мүшесі Гүлбар Толомушова, актриса Аружан Жазылбекова, продюсер әрі актриса Баян Алагөзова, режиссер әрі сценарист Адай Әбелдинов, продюсер әрі режиссер Нұртас Адамбай және дыбыс режиссері Денис Коноплев бағалайтын болады.
Айта кетсек, фестиваль аясында сонымен қатар, қырғыз және өзбек қысқаметражды киноларының кештері мен шеберлік сабақтары өтеді.
Еске сала кетейік, кинофестиваль 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара Kinoplexx Sary Arka-да (Алтынсарин, 24А) өтіп жатыр.
Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз
, пікір қалдыру үшін