Порно режиссер<

Порно режиссер

Комедия,

Порнорежиссёр Фильм деректі фильм ретінде басталады. Алматыдағы ірі базарлардың бірінде DVD-дискілер сататын дүңгіршек қожайыны Сабыр кірісінің көп бөлігін порнодискілер сату арқылы тауып жүрген. Алайда, интернеттің қарқынды дамуының әсерінен саудасын интернет желісінде жалғастыруға мәжбүр болып, дүңгіршегін жабады. Алматы киноакадемиясын бітірген режиссер Диас ұзақ уақыт бойы жұмысқа орналаса алмайды. Сценарийлерін талай жерге апарып көрсеткенмен, еш нәтиже шықпаған соң, амалсыз онлайн контенттер жасауға көшеді. Екеуі кездейсоқ танысып, қазақстандық порно түсіруді ойластырады. Команда жинап, түсірілімді бастаған сәтте телефон шырылдайды. Фильмнің келесі бөлігі көркем фильм ретінде жалғасады. Сабыр Диасқа тездетіп пәтерінен кетуді тапсырады. Фильм халықтың ашуын тудырып, адамдар оларды жазалау үшін жинала бастайды. Диас өзін іздеп жүрген бір топ жігіттен әрең құтылады да, команданы жинап, тез арада Алматыдан кетеді. Команда иен даладағы бір қонақ үйге түнеп шығуға тоқтайды. Оператор Ринат дүкенге темекі алуға барғанда теледидарда өздері жайлы «Қазақстанда тұңғы рет порно фильм түсірілді» - деген хабар қойылып жатады. Сатушымен осы жайлы әңгімелесіп тұрған Ринат байқамай өзінің осы фильмді түсіргендігін айтып қояды. Сатушы оларға қолдау білдіреді. Ринат қонақ үйге қайтып оралғанда, жарық сөніп, есік жақтан мылтық ұстаған қонақ үй қожайыны кіріп келеді. Қожайын мылтығын кезеп тұрып, олардың порно түсіруінің себебін бір минутта түсіндіруін талап етеді. Сонда режиссер оған өзінің ойын түсіндіреді: «Біздің жастардың көбісі порно көреді, бірақ тек Европаның, Американың порнолары. Сосын ылғи соларды ойлап тұрады, бір-біріне ойша сатқындық жасайды. Қазақ жігіттері шетелдік қыздарды алғысы келеді, қыздар шетелдіктерге тұрмысқа шыққысы келеді. Сол үшін бізге өзіміздің порно индустриясы керек». Бұл сөздер қожайынды ойландырып тастайды. Қожайын оларға: «тез жоғалыңдар» - деп бұйырады. Команда заттарын жинастырып, бірінің артынан бірі шығып бара жатқанда, қожайын ең соңында қалған режиссерді білегінен шап беріп ұстап алды. «Бауырым, сен түсінесің бе біздің қазіргі жағдайымыз қалай екенін? Біз үшінші әлемнің адамдарымыз, сен бізді Европа, Америкамен салыстырма. Біздің халықтың тұрмысы мен экономикасы оларға жетпейді. Біз кедей жандармыз. Біздің ең соңғы сеніміміз - ұлттық намыс пен дініміз. Ал, енді сен келіп сенімімізге балта шапсаң, қалай өмір сүреміз? Ойлан, қарағым, бізде онсыз да ажырасқандар, жетім-жесірлер көп. Сен мынадан кейін алаңдамайсың ба? Бұзылған қыздар мен жігіттер тіпті көбейеді деп ойламайсың ба?» - дейді ол. Режиссер не дерін білмей тұрып, қаша жөнеледі. Көлік иен даладағы бір ағаштың түбіне келіп тоқтады. Барлығы ұйықтап қалған, тек режиссер ғана үнсіз ойланып жатыр. Таң ата келе, режиссер бір дауысты естіп, көліктен шығады. Алыста мотоцикл мінген адам бұларға қарап тұр екен. Бір кезде әлгі адамның артқы жағынан бір топ мотоцикл мен джип айдаған адамдар шыға келді. Режиссер қорқып кетті. Ол тез бүкіл команданы оятып, қашпақшы болғанда көліктері оталмай қояды. Ұзын шаштарын, беттерін бояған, үстілеріне жыртық киімдер киген бір топ адам жақындап келеді. Айғайлап, көлікті қоршауға алады. Арасынан атаманы шығып: «Сендер ме порно түсіргендер? Біз қазақстандық хиппилерміз, либералдармыз. Бізге қосылыңдар, біз сендерді қорғаймыз!» - дейді. Команда ұсынысты қабыл алып, хиппилердің базасына барады. Режиссер Диас қонақ үй қожайынының сөзіне ойланып, көлдің шетінде отырады. Диас ұйықтап тұрғанда, жанында өзімен-өзі сөйлеп отырған Ринатты байқайды. Жан-жағында хиппилер от-алау кешін тойлап, шулап жүрді. Арман бір қызбен сүйісіп, бір палатаның ішіне кіріп кетті. Жігіттер біріне-бірі арақ шашып, ойнап жүр, екі қыз оттың жанында сүйісіп жатыр, тағы бір шатырдың ішінде бір топ адам өздеріне наркотик салып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жынойнақтың ортасына түсіп қалған режиссер Диас өз көзіне өзі сене алмады. Сахнада рок-музыканттар өнер көрсетіп жатыр. Осы кезде сахнаға атамандары шығып, сөз сөйледі. «Бүгін бізде қонақта - Қазақстанда тұңғыш рет порно түсірген революционер, біздің жаңа лидер болатын мақтанышымыз, порнорежиссер Диас және оның командасы! Қанекей, оларды ортаға шақырайық!» Бүкіл команда ортаға шықты. Режиссер не істерін білмей, ақыры сахнаға келіп, ойланып: «Кешіріңдер... Мен лидер немесе революционер емеспін, мен жай ғана режиссермін. Мен ештеңе өзгерткім келмейді, мен ештеңеге жауап бергім келмейді... Мен сендерден қорқып тұрмын, сендер кімсіңдер? Мен тек өзім жақсы көрген киномды түсірсем, сендер неге тек сексті ғана көресіңдер? Мен сендерден қорқамын...» - деді. Осы сөзден кейін режиссер сахнадан түсіп, қаша жөнеледі. Ол артына қарамастан, күн шығып келе жатқан жаққа жүгіре береді, жүгіре береді, жүгіре береді... Жалғыз өзі жүгіріп келе жатыр.

Пікір жоқ, бірінші болып жазыңыз

, пікір қалдыру үшін